ЖЕР ТАҒДЫРЫ, ЕЛ ТАҒДЫРЫ ТУРАЛЫ !
ЖЕР ТАҒДЫРЫ, ЕЛ ТАҒДЫРЫ ТУРАЛЫ !
- Осы заңда, шетелдіктерге 25 жылға жерді жалға беруді енгізген Ауылшаруашылық министрлігі, Әділет министрлігі, Үкімет, Парламенттің 2 палатасы. Сол кезде олар не ойлады екен. Осы бап елде қандай үлкен резонанс туғызады-ау деп ойлау керек еді? Жер-жерде халықтың үлкен наразылығын көрдіңіздер. Ол болмаса біз мұнда отырмас едік. Президентке рахмет, мораторий жасады, егер жасамағанда не болар еді. Оны бір құдай біледі. Бұл үлкен қате! Мұны, Үкіметте және Парламентте кәсіби профессионализмнің және идеологияның нашарлығы деп түсінуге болады. Мұны тек 2 министрдің кетуіне жауып қоюға болмайды. Бұған тікелей Үкімет жауап беру керек.
- Біз капиталистік елдерді олар тұтыну қоғамы елдері болып кетті деп сөгеміз. Біздің ауылымыз одан алыс емес, 25 жыл ішінде не үйрендік? Мұнай мен газ есебінен өмір сүрдік, ал ауыл шаруашылығына, шындығын айтқанда, көп көңіл бөлмедік. Енді, дағдарыс жер қамын ойлау керек екеніне көз жеткізді.
Неге, қазақтың, біздің ұлттық мәселемізді басқа елдер (мысалыға, Қытай т.б.) шешуі тиіс? Айта кететін жайт, 5 млн.нан астам өзбек Ресей мен ТМД елдерінде жұмыс істеп, Өзбекстан бюджетіне 20 млрд АҚШ долларынан астам қаржы түсіреді екен. Ал біз ше? Керісінше, отандық салық салудан қашып, капиталды оффшорда ұстаймыз (мысалы, Панама мәселесі). Енді қытайға жерді 25 жылға жалға беріп, тығырықтан шығудың жолын тапқандаймыз. 25 жылдан кейін жер де біздікі болмай, қара қытай арасында қазақты табу қиын болады. Қытай тек бізге емес, АҚШ пен Еуропаны қоса алғанда бүкіл әлемге бейбітшілікпен енуде. Сондықтан да біздің дана халық бәрін біледі! Мінезін де көрсетті! Халықты тыңдау керек екенін. Тек халық үніне жиірек құлақ түріп тұрған абзал.
- Намыс қайда? Не істеу керек? Әрине бірінші кезекте:
- Ауылды дамыту;
- Жұмыспен қамту, әсіресе жастарды;
- Ұлттық экономиканы дамыту;
- Қауіпсіздікті сақтау керек.
Міне осы түбегейлі мәселелердің басын қосып шешу үшін мына мегажобаны ұсынғым келеді. Оның аты «Тың жерді игеру арқылы Қазақ елін жаңа белеске көтеру» (Қазақ өрісі десе де болады). Бұл мегажобаның қысқаша идеясы:
ТЫҢ ЖЕРДІ ИГЕРУ АРҚЫЛЫ ҚАЗАҚ ЕЛІН ЖАҢА БЕЛЕСКЕ КӨТЕРУ (Қазақ өрісі) – мегажобасының қысқаша түсіндірмесі
Әлемде болып жатқан жаңа құбылыстарды, күрт өзгерістерді, ХХІ ғасырдың цивилизациялық дамуын ескере отырып Қазақстан тек өзін ғана емес, сонымен қатар дүниежүзінде 1,3 млрд ашаршылықта жүрген халықтың белгілі бір мөлшерінде де азық түлікпен, мал өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар және соған үлес қосу үшін осы мегажобаны іске асыруға бел байлауға болар еді.
Қазақстан аумағы 2,7 млн шаршы километрді құрайтын аумақта орналасқан. 14 облыстың әрқайсысында ауыл шаруашылығында пайдаланылатын жерлері, жайылымдары бар, мұның бәрін орынды пайдаланса, елдің азық-түлік проблемаларын, ауыл халқын жұмыспен қамту, көші-қон және шекаралық ынтымақтастық мәселелері толығымен шешіледі.
Мысалы Қытаймен шекаралас климаты континенталды Алматы облысы, Жетісу алқабында, Шығыс Қазақстан облысында, тағы басқа өңірлерде өте құнарлы жер аймақтары бар, суармалы, шөпті таулы жайылымдары, үлкен-үлкен жүздеген километр белдер, «оазис» жерлерді азық түлік өсіруге, мал өнімдерін жасауға т.б. дақылдармен айналысуға әбден болады. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып «Еркін экономикалық аймақ» (ЕЭА) құру керек. Ол үшін:
Бірінші кезекте – бұл жерлерді Мемлекеттік қолдау арқылы «Еркін экономикалық аймақ» жасау керек, инфрақұрылымды құру қажет, (жолдар, энергиямен жабдықтау, сумен қамтамасыз ету, интернет жүйесі т.б), тұратын үйлер, жаңа ауыл салу, материалды техникалық базалар тағы басқа іс-шаралар керек. Бұл туралы Парламентте арнайы заң қабылдау қажет. Үкіметпен бірге, облыстарда жерді игеру бағдарламасын жасау керек.
Екінші кезекте – сонымен қатар ол жерлерді игеруге оңтүстік өңірден (мысалы Оңтүстік Қазақстан облысында 3 млн. жуық халық тұрады, жұмыссыздық көп), т.б. халқы тығыз жерлерден 300-500 мыңға жуық халықты, әсіресе жастарды (Советтер одағындағы БАМ, Целинаны игергендей) осы жаңа мегажобаны игеруге жұмылдыру қажет. Оларға көтерінкі жолақы, жөнді жалақы беріп, барған жерде барлық жағдай жасалса. Жастар елімізді көтеруге, отан алдындағы патриоттық борышын жете түсініп, алға бел байласа Нұрлы Жол үстіне – нұр болар еді. Жастарда қанаттанып жаңа өмірді «Қазақ өрісінен» бастар еді.
Үшінші кезекте – бұл мегажоба Елбасының «Нұрлы Жол», «100 нақты қадам» институционалды реформасының аясында іске асырылар еді. Бұл жобаны игеру Қазақстан халқының жаңа амбициясын көрсетер еді. Халықты жұмысқа тарту, олардың жұмыспен қамтылуы осы саяси жобаға негізделіп, түзетілген «Жол картасы-2020» аясында орындалуы тиіс Ал Халықаралық имидж үшін бұл жоба тікелей ҚР Президентінің патронажында болғаны абзал.
Төртінші кезекте – бұл мегажобаға «Ауылға асар» ретінде Қазақстанның қалталы азаматтары, облыс, аймақ болып, жалпы халық болып септігін тигіссе игі іс болар еді. Бұл еліміздің өркендеуі мен оның ұлттық қауіпсіздігінің нығайту жолында халықты моральдық және рухани-патриоттық тұрғыда біріктіретін фактор. Бұл мегажобаның қаражаты әр түрлі саладан құралуы мүмкін. Олар: Мемлекеттік, Республикалық, жергілікті бюджеттер, бай-қуатты бизнесмендердің өздері іс жасау, жоба игеру инвестициясы, шет ел инвестициясы. Асар ретінде, Заңды және жеке тұлғалар, жалпы Қазақстан халқының көмегі ретінде арнайы «Қазақ өрісі» атты қор құру қажет.
Бесінші – бұл мегажобаның геосаяси мәні бар екенін де естен шығармау қажет. Қазақстанның қауіпсіздік мәселесі әр уақытта бірінші кезекте тұру тиіс. Келешекте демографиялық өсуге де жақсы мүмкіндік болар еді. Егер ата-бабаларымыз сонау ақтабан-шұбырындыдан бастап, ашаршылықтан тағы басқа кері саясаттың салдарынан шетелге тау асып кетсе, енді сол құнарлы жерлерімізді олардың немере-шөберелерінің игеруге бет алуы бұл үлкен құбылыс. Жастарды рухани жаңғырту және адамгершілікке тәрбиелеу жөніндегі іс-шаралар әзірлеу.
Алтыншы – осындай Еркін экономикалық аймақты Өзбекстанмен шекаралас жатқан Оңтүстік өңірлерде де құру керек. Мұнда негізгі басымдылықты жеміс-жидек, көкөніс және мақта өндірісіне берілген жөн болар еді.
Жетінші – енді қазақтың, қазақстандықтардың ұлттық проблемасын басқа біреулердің мойнына артпай (25 жылға жерді жалға берейік. Образно айтқанда солар бізді асырауға көмектессін демей) тек өзіміз «екі қолға бір күрек демекші» шешуіміз керек. Егеменділік алғалы ширек ғасыр, қабырғамыз қатты, дүниежүзіне белгілі ел болдық, мүмкіндігімізде бар. Енді жалтақтаудың жөні жоқ. Барлығы тек халықтың бірлігінде, рухани – патриоттық күш-жігерінде. Міне бұл жоба халықты оятатын жоба болса екен. Қабылданған жағдайда бұл мегажобаны кең ауқымды насихаттау қажет.
- Бұл жерде ауылды, ауылшаруашылығын үдемелі дамытудың 2030 жылға дейінгі Мемлекеттік бағдарламасын жасау керек. Оны үш бесжылдыққа бөлуге болады. Агроиндустрия-2030 бағдарламасын әзірлеу жөніндегі Ведомствоаралық комиссия, жұмыс тобы құрылсын. «Агробизнес-2020» салалық бағдарламасы ескірді, әлемде және елімізде көптеген өзгерістер орын алды. Бұл жерде ҚР үшін №1 етіп «ауыл шаруашылығын үдемелі дамыту» басымдылығын қою керек! «Аргоиндустрия-2030» әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты болмауы тиіс. Өкілдері министрліктен болсын, алайда әзірлеушілерді ойдағыдай қаржыландыратын ведомствоаралық жұмыс тобы болуы қажет. Мәселен, аталған Мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу үшін бірнеше ай қатарынан маман ғалымдар мен практиктерді жұмылдыру қажет. Содан кейін бағдарламаны осы комиссияда талқылаған жөн.
- Шағын және орта кәсіпкерліктің жұмыссыздықты жоюдағы рөлі өте жоғары. Абай айтпақшы «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретінінің бір себебі – жұмысының жоқтығы», деп. Егер егін салса, саудаға салынса, қолы тиер ме еді. Міне осыны жасауымыз қажет. Ол үшін ауылды мекендерде жұмыс орындарын құруға арналған «Шағын және орта бизнесті үдемелі дамыту жөніндегі арнайы жоба» қабылдау қажет.
- Халық тыныш болсын десеңіздер жерді 25 жыл шетелдіктерге жалға беру бабын заңннан алып тастау қажет! Ол үшін тез арада Парламентте заң қабылдау керек. Ғалым ретінде, азамат ретінде менің жеке ойым: «Бізге Жаратушы тәңірден берген және ғасырлар бойы сақ, ғұн, түркі қағанаты, т. б. хандықтар тарихында ата-бабаларымыздың қаны төгілген жерді ешкімге сатуға болмайды. Жерді шет елге, Қазақстан азаматтарына да сатпай-ақ тиімді пайдалануға болады». Мұны жоспарлы түрде, кезең-кезеңімен 2050 жылға дейін іске асыру тетігі қажет. Бұл мәселеге дамыған елдер мен өзіміздің кейбір тәжірибеміз куә. Бұл туралы жақын арада өз көзқарасымды ғылыми және практикалық түрде жария етемін…
Жер реформасыны жөніндегі комиссияның мүшесі,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері,
Қазақстан Ғалымдар одағының президенті, академик О.СӘБДЕН