
Құрметті Президент, әріптестер!
Мен бір-бірін толықтыратын 2 мәселеге қысқаша тоқталайын. Олар:
1-шісі, Ұлы Абайдың толық адамына оралу.
2-шісі, Жалпыхалықтық жоспар – 1000 жоба.
1-ші. Ұлы Абай айтады: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек». Ұлы Абайдың «Толық адам» ілімін бала-бақшадан, мектептегі баладан бастап, бәріміз арифметиканың көбейту кестесіндей білуіміз керек. Баланы жастан демекші «төрт-бес жастан кейін балаға үйрету кеш» болады. Сондықтан біз Абай ілімін төменнен бастап ұлттық идеологияға сыналап енгізуіміз керек.
Қысқаша айтсам, Абайдың «Толық адам» ілімі дегеніміз – ол дүниенің көрінген сыры мен көрінбеген сырын ашып, оған толық дендей алғанда және оларды қазіргі өмірмен байланыстырғанда ғана өз тиімділігін береді.
Дүниенің көрінген сыры дегеніміз, ол материалды сала, бай-қуатты болу, қазіргі экономикалық өмір.
Ал көрінбеген сыры – ол адамның рухани, жан-дүниесі, ішкі құндылықтары, болмысы, тазалығы, жүрек сыры, санасының тереңдігі, керек болса моралі. Осы жағына келгенде ақсап жатырмыз.
Себебі біз бір жағынан, ә дегенде батыстың тек баю – материалистік ықпалында кеттік. Екінші жағынан – бірінші экономика, бай-қуатты болу, екінші саясат деген ұранмен кедей мен байлар арасы еселеп кетті. Абайдың «пайда ойлама, ар ойла» деген өсиетін ұстансақ, бұлай болмас еді!
Құрметті Құрылтайшылар!
Бізге, заңсыз кеткен ақшаны қайтаруға болар. Мен экономист ретінде айтсам, ол да оңай іс емес, егер шетелмен байланысты болса. Ал халықты ізгілендіру, сананы ояту, адамды дұрыс жолға салу, Абай айтпақшы қызармайтын, ұялмайтын ізгілікті жолға салу қиынның қиыны. Бұған жылдар керек болуы да мүмкін. Соны бүгін бастамасақ, кеш қаламыз!
Құрметті Президент мырза!
Біздің қазір досымыз да, ұтылатын жеріміз де мынау өтіп бара жатқан – УАҚЫТ. Қазір өзі қай мәселеге ұрынсақ та, санаға келіп тірелеміз, ары қарай жылжу жоқ. Сананы өзгерт, өзің өзгер деген уақыт талабы болып тұр.
Ендеше әділетті Қазақстан құруға, арды ойлайтын уақыт жетті! Президент айтпақшы АДАЛ АДАМНЫҢ, АЗАМАТТЫҢ ТІРЛІГІН ЖАСАУ КЕРЕК.
Ұсынысым:
Біздің мемлекетімізде ғалым-жазушы, зиялылардың қатысуымен «ХАКІМ АБАЙДЫҢ ТОЛЫҚ АДАМ ІЛІМІНІҢ ЖОЛ КАРТАСЫН» жасау керек. Барлық оқу орындарында Абайдың толық адам ілімін жол картасымен оқыту арқылы біз қоғам өмірін ізгілендіре аламыз, өркениетке жаңаша бет бұрамыз.
Қазақ тілінің негізін қалаушы Ахмет Байтурсынұлының «Исі қазақ Абайды білуі тиіс» – деген сөзін нақты іске асыру керек. Біздің міндетіміз – Абайдың «толық адам» іліміне терең бойлау.
ҚР Президентінің Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан атты мақаласын негізге алып Абайдың жол картасының аясында:
1-ші. М.Мырзахметовтың көп жыл жасаған «Абайтану әліппесін» мектептерге дәріс ретінде кіргізу керек, жолдас оқу-ағарту Министрі.
2-ші. «Абайтану» пәнін ЖОО-да оқыту. Саясат мырза!
3-ші. Абай ілімін қызметкерлерге насихаттау, мекемелерде Абай кабинеттерін ашу қажет. Үкіметке.
4-ші. Күнде таңертең денешынықтырудан кейін барлық жұмыс орындарында сағат 9:00 «Абайтану» хабары (пятиминуткасы) болса, радио, ТВ қызмет етсе мынау отырған орнымыздан Абайға қарай жақындар едік, жұмысқа да кешікпес едік. Абай оқулары халқымызға дендер еді.
5-ші. Абайдың жол картасы аясында оның толық адамы етіп С.Зиманов, Г.Бельгер т.б. ғұламаларды жастарға ұғындыру керек.
Ұлттық идеологияны санаға сіңіру деген сол болар еді. Әйтпесе бүкіл халық «Абай өзіміздікі ғой, қара сөзін баяғыда оқыдық қой» деп жайбасарлықпен жүре береміз. Аға ретінде , 4 мәрте депутат ретінде айтайын. Депутаттар да Абайға қайта оралғаны жөн сияқты.
Сана қалып барады. Тоқ етері, Абай ілімі санамызға «стандарт» болып, «қалып» ретінде бойға сіңсе, қоғам алға жылжыр еді. Абай ілімін игерген жас қазақ өзін де, елін де бақытты етеді. Сондықтан Абайтануға қаржыны аямау керек. Бұл ана тіліне серпіліс беру деген сөз.
Құрылтайдың киелі жерлерден басталып, енді әлемге әйгілі Бейбарыс шыққан, 362 әулие жатқан жерде, шежірелі аймақта өткізілуі, бүгінгі Президентіміздің руханиятқа бет бұрған, халықты соған шақырған іс-әрекеті деп есептеуге болады!
Мына «Абай және Қазақстанның болашағы» -деген кітап кембридж баспасында шықты, баспаның мәліметі бойынша 200 әлемнің топ университеттеріне жіберілді. Абайды оқуға Әлемдік Давос форумы мойындамайтын, жалпы біз түркі тілдес елдері, Қазақстан өзіміздің рухани-тарихи мүмкіндіктерімізбен өте жоғарғы ФАЗАДА тұрмыз. Бұл біздің капиталистік елдерден артық басымдылығымыз. Ежелден келе жатқан шығыстың мораль философиясына қарсы қоятын батыс өркениетінде жаңа ПАРАДИГМА ТУҒАН ЖОҚ. Біз үшін Ұлы Абайдың толық адам ілімін игеру – МОРАЛҒА оралу деген сөз. Ұлы Абай ілімі Қазақстанның РУХАНИ БРЕНДІНЕ айналу керек. Осыған барсақ біз алда боламыз!
2-ші идея. Абайды қанша оқығанмен, егер халық аш-жалаңаш болса, толық адам бола алмайсын. Сол үшін ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ЖОСПАРДЫ әзірлеу туралы ойымды қысқаша айтайын.
Халық арасында, әртүрлі деңгейде, барлық салада тәжірибелі азаматтар көп, кәсіби мамандар қоғам белсенділері, ғалымдар, зиялы қауым, бизнес саласында да ой-жобалар жетерлік. Жалпы халық ұсыныстары деген орталықтандырылған ашық «ОНЛАЙН ПЛАТФОРМА» құрып, Республикадағы барлық идеялар мен ұсыныстарды осы Құрылтай аясында жинайық.
2-3 айда түскен ұсыныстардан, кіші, орта кәсіпті үдемелі дамыту үшін 1000 жоба теріліп алынса. Р.Баталов қолдайды ғой деп ойлаймын. Бұл жобалар бір сөзбен айтсақ, ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ЖОСПАРҒА ұласар еді.
Әр жобаға орта есеппен 3 млн.$ бөлінсе. Сонда 1000 жобаға барлығы 3 млрд.$ кетеді екен. Қаражатты алу жолдары жетерлік: елге қайтару қоры, коррупциямен күрестен түскен қаржылар т.б. Біз ЭКСПОҒА да 3 млрд. долларды тастадық қой.
Президентпен кездесудегі ұсынған 6 аймақты өз басымдалықтарымен мамандандыруға көшіріп (бірі, қайта өңдеу, екіншісі, азық- түлік, басқасы рухани, кәсіби, финанс, бизнес, индустрия, технология аймақтары, тб). Әр аймақта приоритеттерін анықтап, 1000 жобаны осылардың аясында, бағытты мақсаттарға икемдеп іске асырсақ. Мысалы, осы батыс Атырау өңірінде шикізатты қайта өңдеу туралы ондаған жобалар өте қажет. Бұл жобалар 1-2-3 жылда өз жемісін бере бастайды. Ары қарай жаңа жобалар жалғасады да, «мультипликативный» тиімділігі арта береді. Экономика тез дамыр еді.
Бұл 1000 жобаның мақсаты – халықты жұмыспен қамту, Президенттің айтқан ЖІӨ-ді 2 есеге өсіру. Бұл жоба тікелей Президенттің «патронажында» болса. Уақытысында Миттеран да Париждің бүкіл сәулетін өз патронажында ұстаған.
Дәлірек айтсақ, бүкіл халықтан кең ауқымды ұсыныстары әлі жиналмаған.
Ең маңыздысы бұл жобаларды халықтың өзі ұсынатындығында болып отыр. Алда не болса да, нәтижесін халық пен билік бірге көреді. Бірге жауапты. Халықтың сеніміне кіру тетігі осы.
Егер зейін қойсаңыздар бұл 2 мәселеде, идея да Абайдың толық адамынан шығып отыр. Бірі рухани жоба, екіншісі – материалды, экономикалық жоба.
Іске сәт, ағайын!