ҚР президенті Қ.К. Тоқаевқа 7 ұсыныс
2022 жылы Қ.К.Тоқаев екі өте жауапты кезеңнен өтті.
1-шісі қаңтар оқиғасы, 2-шісі президенттік сайлау. Ойымша Қ.К.Тоқаевқа халық осы сайлауда барлық мүмкіндікті берді, 7 жылға сайлады.
Осындай тағдырлы кезеңде ҚР президенті Қ.К. Тоқаев барын салып, өте түбегейлі өзгерістерге бару керек. Менің ойымша ол мынадай іс-шаралар жасағаны жөн.
1) Мүмкіндігінше әкімшілік шектеу қоймай барлық партияларды заң жүзінде тіркеп, адал сайлау өткізу арқылы халықтың қолына тұңғыш рет келешектің тағдырын беру. Сайлауда өткен партиялар парламентте өздері үкіметті жасақтасын, халыққа өздері жауап берсін. Ал президент Конституция гаранты ретінде барлығына бірдей жағдай жасап стратегияға жауап берсін. Бірінші президенттің стратегиялық білімсіздігі бүгінгі қиын жағдайға алып келді. Бізге екінші рет қателесуге болмайды. Президент Қазақстанның үдемелі дамуының 7 жылдық стратегиялық Концепциясымен халықты таныстырсын.
2) Экономика жағдайын халыққа түсіндіріп, әсіресе елдің ең нашар тұратын бөлігін қолдау іс-шараларын нақты істеу керек. Экономиканы әртараптандыру тетіктерін жасап, өз тауар өндірушілерімізді батыл қолдау керек. «Өзіміз өндірмей өзіміз өспейміз»деген қағиданы енгізу керек.
Шынайы жағдайымызды халыққа ашық түсіндіру керек. Егер экономикамыз өссе, халықты қолдау іс-шаралары да өседі. Ал экономика «стагнацияға» түссе, халықты қолдау мына қалыпта болады деп халықты бұрынғыдай алдамай ашық айту керек. Сонда әр адам ойлайды, жағдайды түсінеді де өз қамын жасап іске кіріседі. Халықпен «диалог» деген осы, сенім шындықтан шығады. Ал сыбайлас жемқорлықпен қатаң заң арқылы ымырасыз күресу керек.
Ел тірегі жер мен ауыл. Ауылды кешенді дамыту бағдарламасын жасау арқылы, барлық жерге «Аудит» жасап, жер реформаларын жүргізіп, алдаҚазақстанды азық-түлік державасына айналдыруғабарлық басымдылықтарды беру қажет. Біз азық-түлікпен тек өзімізде ғана емес көптеген елдерді де қамтамасыз етуге шамамыз жетеді. Осындай мақсат қоюымыз ХХІ ғасырда тегімізге оралу деген осы.
Осылардың бәрін іске асыру үшін биліктің барлық жүйесінде біліктіжаңа кадр реформасыболу керек. Ескі кадр жүйесімен жаңа, әділетті Қазақстанды жасай алмаймыз. Бұл мәселеде үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардың белсенділігі өте қажет. Оларға билік жүйесі барлық мүмкіндіктерді жасап гранттармен қолдау керек. Бізді құртқан барлық салада пара беріп, не таныспен қызметті алудан арылу керек.
Біз рухани тегімізді, тарихымызды жандандырмасақ жоғалып кетуіміз мүмкін. Мен 2012 ж. Ұлы Жібек жолын жандандыру үшін «Өсу кіндігін» іздегенде Түркістанды рухани астана жасау жобасын 8,5 млрд $ елбасына жіберген едім, кеш болса да іске асуда.
Елбасы 3 тіл керек деп, одан кейін 2-тілді дамыту керек бізге деген биліктен сөздер айтылуда. Әрине әл-Фарабиге ұқсап, көп тіл білсе де артық болмас қазаққа. Бірақ менің ойым бізге бір-ақ тіл керек, ана тілін «Қазақ тілін» әр қазақ жетік білуге тырысу қажет. Сонда ғана тарихымызды, руханиятымызды, салт-дәстүр, ата-ана тәрбиесін, санамызды сақтап қаламыз. Себебі ертең «жасанды интеллект, робот» келгенде сіздің ауыздан шыққан бір-ақ тіл автоматты түрде қай тілге болса да аударылады, айтылады, жазылады. Сондықтан онсызда көп жылдар бойы орысқа жалтақтаудан өткізіп алған уақытты кеш болса да тез арада қолға алып, қазақ тілін білмеген мемлекеттік қызметте істемеу керек деген, заңға өзгеріс кіргізу керек. Лауазымды қызметкерге бір жылда қазақ тілін белгілі деңгейде біліп шығуға мүмкіндік берейік. Осылай 2-3 ақ жылда қазақ тілін бәрі білуге атсалысады. Тілге қатал болсақ бәрі шешіледі. Өзбек ағайыннан үлгі алайық.
- Ұлы Абай еңбегінде «ғылым» сөзін ең көп келтірген (111 рет). Абайдың айтқанын істеу үшін білім мен ғылымға басымдық беріп, сапалы білімді ел болуға ұмтылу. Тек білімді ел ғана кез келген қиындықтан шыға алады. Басты мәселе – білім арқылы адамның жоғарғы санасын қалыптастыру, оның зиялы әлеуетін көтеру. Сонда ғана адам өзінің бар мүмкіндігін іске асырады. Ол үшін«7 жылдық білім мен ғылымның жаңаша дамуының концепциясын»жасап халыққа жария ету керек.«Ғылым және ғылыми техникалық саясат туралы кодекс»қабылдау қажет.
- Жаңа әділетті Қазақстанды қалай жасаймыз, 30 жыл бойы қасаң тартқан сананы қалай оятамыз, қоғамды қалай жаңғыртамыз, ажырап кеткен халық пен биліктің арасын қалай жақындатамыз деген сұрақ елдің көкейінде. Осыларды шешу үшін әсіресезаңды бұзып пайдаланған меншіктерді қайтару, ұрланған ондаған миллиардтаған долларларды тәркілеп, халық игілігіне жаратуды қалай жасаймыз? Бұл туралы өте қатаң заң қабылдау керек.
Осы ұсыныстарды кешенді түрде іске асыру үшін ең алдымен халық сенім артып, жаңа сайланған президент Қ.К.Тоқаев белсеніп, «белге шоқпарды байлап» шығу керек. Екінші ол жаңа кадр саясатын жасау керек. Үшінші, бұған бүкіл ел, халық болып атсалысуымыз қажет. Тек осылай пәрменді іс жасағанда ғана бұл ұсыныстар іске асады. Мемлекетіміз жаңа сара, әділетті даму жолына түседі де әлемдік қауымдастық алдында абыройлы ел боламыз.
О.Сәбден,
Қазақстан ғалымдар одағының президенті,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, академик
- Глава государства принял известного экономиста и общественного деятеля Оразалы Сабдена
- Предложение Президенту К. К. Токаеву
- Предложение Президенту Н. А. Назарбаеву
- Жер реформасы жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Ғалымдар одағының президенті, академик О.Сәбденнің Қызылорда өңіріндегі сөзі
- Жер реформасы жөніндегі Мемлекеттік комиссияға ҰСЫНЫС