Экономикасын ілгерілетіп, әлеуетін арттыруды мақсат ететін өркениетті елдерде ғылымға үлкен мән береді.
Сәт сайын жаһандағы жаңалық ауысып, технология қарқынды дамып жатқанда ғылымға енгізетін өзгерістің өндіріске жұмыс істеуі маңызды. Бірақ біздегідей атаққа емес, салаға жұмыс істейтін ғылымды айтамыз.
Біздің еліміз ғылым кандидаттары мен докторлары, профессор мен академиктерден кенде емес. Бүгінде 21,6 мың ғалым бар. Тіпті осы күні мемлекеттік мінберлерде жүрген шенді-шекпенділердің көпшілігі отандық және әлемдік озық университеттерде ғылым дәрежесін алып, ғалым атанғандар. Әйтсе де әлем түгілі, отандық ғылымға қосқан үлесін өздері көрмесе, өзгеміз көрмедік.
Өткен жолыҒылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2025 жылға дейін елдегі ғалымдар мен зерттеушілер санын 34 мыңға дейін жеткізу туралы жоспары барын жеткізді. Себебі, соңғы екі жылдан бері елдегі ғалымдар саны күрт азайған. Екі жылда 13 мыңға жуық ғалымды қатарға қосу туралы тәуір идея айтып отыр. Бірақ министр Скопусқа сатырлатып мақала жазатын ғалым туралы айтты ма, әлде өркениетті елдердегідей өндіріске жұмыс істейтін жаңалығы бар ғалымдарды айтты ма? Біздіңше,министр бірінші санаттағы ғылымды қозғаған болуы бек мүмкін. Өйткені мұнша аз уақыттың ішінде салаға өзгеріс әкеле қоятын ғалымды шығару мүмкін емес. Оның үстіне министр алдарына қойған мақсатқа жетудің жоспарында көрсеткендей, ғылыми экожүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ҒЗИ санын 15-ке арттыру, индекстелетін журналдардағы жарияланымдарды 150 пайызға өсіру және 2025 жылы қажетті жабдықтарды 30 пайызға жаңарту арқылы ҒЗИ сапасын арттыруды көздейді.Сонымен бірге 2025 жылы қазақстандық ғалымдардың халықаралық ғылыми журналдарындағы мақалалардың жалпы саны бойынша InСites елдік рейтингінде 65-орынға және ҒЗИ сапасы көрсеткішінде ДЭФ ЖБИ рейтингінде 65-орынға қол жеткізу мақсат етіліпті. Бұл дегеніміз – әдеттегідей зерттеу жүргізетін емес, ғылыми-зерттеу жұмыстары туралы мақала жазатын ғалымдардың санын көбейту емес пе?
Мемлекет ғалымдарға қолдау көрсетуден кенже қалып отыр деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Әйтпегенде соңғы жылдары «Ғылым туралы» заңға біршама өзгеріс енгізіліп, ғылымды қаржыландыру да екі есеге өсті. Мысалы,жас ғалымдарды қолдау және ынталандыру үшін «Жас ғалым» жобасы жасалып, ғылыми-зерттеулер мен постдокторантура үшін 1 037 грант бөлініпті. Бұдан бөлек, жыл сайын халықаралық тағылымдамаларға 500 грант бөлінсе, былтыр әлемдік ғылыми орталықтарға 400 ғалым жіберілген. Екі жылдан бері әр жылда 50 «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығы тапсырылатын тамаша дәстүріміз де бар. Алайда магистрлік, академиялық дәреже мансап пен жоғары жалақы үшін ғана қажет құжат қана болып отыр. Айтпақшы, күні кеше Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек соңғы екі жылда 3 мыңнан астам профессор орта мектепке мұғалім болып кеткенін айтты. Себебі, қазіргі профессорлардың айлығы шайлыққа жетпейтін көрінеді.
Академия Оразалы Сәбден де ғалымдардың жалақысы жыларман күйде екенін жасырмайды. Бірақ соған сәйкес атақ та арзан дүниеге айналып кеткеніне алаңдаушылығын білдірді. «1990 жылы елдегі ғылыммен айналысатын ғылыми қызметкерлердің саны 42 500 болатын. Кейін бұл сан 12 мыңға дейін түсті. Соңғы жылдары қайта көтеріліп келеді. Екіншіден, 1991 жылы ғылымға беретін қаржы ЖІӨ-ге шаққанда 0,72 пайыз болса, қазір 0,13 пайызға дейін түсті. Сонда ғылымға бөлінетін қаржы 6 есеге төмен. Ал ғалымдардың саны кем дегенде екі есеге азайды. Бір қызығы, біздегі шенеуніктер «экономика өсіп келеді» дегенде алдарына жан салмайды. Академиктері әр есікті жағалап, әрең күнін көріп жүрген елде экономика қалай өсіп жатқанына таңым бар» дейді. Академик Зимановпен бірге бұл мәселені талай рет көтергенін айтқан Оразалы Сәбден: «Кезінде елбасыға талай рет хат жаздық. Бірақ өздерінің қалталарына миллиардтап қаржы салса да, ғылымға келгенде қаржы шығарғысы келмеді. Керісінше, Сәтбаев бастап ашқан Ұлттық ғылым академиясын жауып тастады. Осылайша, ғылымға үлкен қиянат жасалды. Сол үшін ғылымға жауапты министрлік пен министрлер де сан рет ауысқанымен, жүзеге асқан тірлікті көрмедік. Шынын айту керек, қазір әлемдік деңгейде жалпы отандық ғылым үшін мақтанарлық нәрсе жоқтың қасы. Мемлекеттік сыйлыққа үмітті дегендердің арасынан да лайықты ғылыми жұмыс табу өте қиын. Шенеуніктердің ұяттан безгені соншалық, ғылымда елеусіз болса да еңбектері мен монографиялары жоқ болса да «ғалым» атанып алдық. Осы күні академик пен phd профессорларынан аяқ алып жүре алмайтын болдық», – дейді.
Төрт жыл қорғасын зауытында істеп және іргелі ғылыммен айналысып жүрген ғалымның сөзінше, ғылымды реформалау үшін дамыған елдердегідей
Ұлттық ғылыми қор құру маңызды.
Екіншіден, барлық Ұлттық ғылым академиясына Президенттің Жарлығымен Мемлекеттік статус беру қажет.
Үшіншіден, мемлекеттің идеологиясының ғылыми негіздерін қамтамасыз ету үшін ҒЗИ-ын ірі-ірі фундаменталды зерттеу орталықтарына айналдыру керек.
Төртіншіден, ғалымдардың айлығын 4-5 есеге көбейту қажет.
«Ғалымның статусы, ғылымның дамуы – деген арнайы заң қабылдау керек. Аймақтардың дамуын тек ғылым мен технологияның жетістігімен бағалау қажет, тағы басқа ғылым мен инновацияның дамуы туралы өзекті іс шараларды президент өз қолына, өз қамқорлығына алса, жаңа Қазақстан болады дегенге сенуге болады.
Әл-Фарабидің «Ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр» деген қанатты сөзі қазір де өміршеңдігін жоғалтқан жоқ. Сол үшін ғылымға енгізген сүбелі еңбегі арқылы атақ беретін жапондар секілді жаңашылдыққа бет бұрмасақ, санды көбейткеннен көсегеміз көгереді деу – қармақсыз балық аулаумен бірдей.